PDF Печать

Бұл күнде Қазақстанда жүз отыздың үстінде ұлт пен ұлыстар өкілдері тұрып, бақыт тапса, олардың бәрі де кешегі Одақтың шекпенінен шығып, тәуелсіз елдің кешегісі мен бүгінгісіне бола еңбек еткен және еңбектеніп жатқан адамдар. Олардың бас қосқан қоғамдық саяси ұйымды Қазақстан халқы Ассамблеясы деп атайды. Оның құрылып, жұмыс істей бастағанына да 15 жылдың жүзі ауды.
Осыған орай кеше облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы Рысқалиев өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық хатшылығына қарасты этномәдени бірлестіктер төрағалары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерін, ғылыми-экспенттік топ пен этносаралық тақырыптағы үздік журналистер клубы және Атырау облыстық Ассамблеясының ақсақалдар алқасы жетекшілерімен кездесіп, кең түрде әңгіме-дүкен құрды.


Бәріңізді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзінің бастамасы негізінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдық мерейтойымен қызу құттықтаймын, - деп бастады сөз басын облыс әкімі Б.Рысқалиев. – Бүгінгі кездесуіміз де осынау әлемде теңдесі жоқ тамаша қоғамдық институт Қазақстан халқы Ассамблеясының туған күніне орай өткелі отыр. Ассамблеяның барлық қызметі еліміздегі ұстанып отырған негізгі мемлекеттік ұлттық саясат – қабағымызды кірбің шалмай, тату-тәтті түрде тәуелсіз еліміздің гүлденуі мен өсуіне бағытталған. Экономикалық және әлеуметтік өсу – ол осындағы этномәдени бірлестіктерді құрап отырған ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған ұлттар өкілдерінің ерікті еңбегі, біртұтас бірлігіне байланысты. Сіздер солардың ұйытқысы, қауымдастығының негізісіздер. Оны тұтастай Атырау облысының адамдары, тұрғындары деп атайды.


Сіздердің арқаларыңызда Атырау облысының Ассамблеясы өңірде қоныс тепкен әрбір этностың өзара түсіністік пен достық, туысқандықтың алаңына айналып отыр. Бізде бұл турасында өзге ой, шешілмеген түйін жоқ. Болса, олар облыс әлуетін арттыруға, онда өмір сүретін халықтың тұрмысын жақсартуға ғана арналып отыр.


Бүгінгі кездесуіміз этномәдени бірлестіктер қызметін саралау, Ассамблея жұмысын одан әрі жақсартуға арналады. Сондықтан кең отырып, ойлар тоғыстырайық. Барымызды бағамдайық, жоғымызды саралайық.


Осы арада әңгімеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Дәукенов араласып, бүгінгі таңда этнобірлестіктерді алаңдатып отырған екі мәселенің барлығы, оның бірі әр этнобірлестікке ұлттық киімдердің қажеттігі болса, екіншісі өзге облыс, аймақтардағыдай бізге де Достық үйінің қажеттігі. Соның алғашқысы шешілу үстінде, екіншісі де ойластырылуда дегенді айтқанда, облыс әкімі Б.Рысқалиев екінші мәселенің де таяу уақыттарда жүзеге асатындығын қатерге берді. «Бірақ жаңа орын салып береміз деп айта алмаймын, мүмкін, бұрынғы бар ғимаратты жөндеуден өткізерміз немесе басқа да жолдарын қарармыз, қалай еткенде де сұраныс орындалады» дейді әкім.
Сондай-ақ ол Достық үйінде әр ұлттың өз салт-дәстүрі, тілін уағыздайтын шаралардың өтіп тұрғанын және олардың өзгелерге үлгі болатындай өнегелі болуы керектігін де айтып өтті.


Әңгімеге «Видергебурт» Атырау немістері этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Думлер қосылып, «Ассамблеяның 15 жылдығы Қазақстанда тұратын сандаған ұлттардың айтулы мерекесі. Өйткені ол өткен уақыттар ішінде республикада тұратын түрлі ұлттарға дұрыс бағыт сілтеп, этникалық жағынан жан-жақты дамуына келелі септігін тигізді. Белгілі кезеңдерде Елбасы түрлі ұлттардың жетекшілерін жинап алып, достық пен бірліктің, туысқандықтың озық үлгілерін ортаға салды. Елді гүлдендіру, адамдардың ақыл-ой, дүние танымын өсірудің ұлы бағдарламалары мен бағыттарын белгіледі.


Сайып келгенде бұл күнде Қазақстанда әлемнің өзге елдеріне қарағанда ешбіріне ұқсамайтын өзіндік бағыт, сара жол бар. Оны үйреніп, күнделікті қолданысқа енгізгісі келетін елдер көп. Ол рас, бұл дамудың далалық ұлы ойшылдарынан жеткен жетістік. Сол жетістікті дұрыс пайдаланып, тәжірибеге енгізу – елді егделікке, ерекшелікке бөлеуде.
Қазақстан өз жетістігін өзгелерге үйрету мен бірге өзі де үйрету үстінде. Мәселен, өткен жыл Германияның Қазақстандағы жылы болды. Бұл бір қарағанда бір ел делегациясының концерттік құрам, этномәдени жетістікпен екінші елге келіп кетуі емес, дамудағы әріптестіктік, оны үйрену, жалғастыру, сабақтастық.


Қазақстан немістері қазақ топырағын өздерінің кіндік кесіп, кір жуған жұртымыз, атамекеніміз деп есептейді. Соған сай оның салт-дәстүрін, өнерін, тілін дамытуға үлес қосады. Бұл біздің борышымыз, адамдық парызымыз. Ол үшін бәріміз болып түсіністік, ауызбірлік керек» деді.
Әкім өзінің айтылған сөздің бәріне қосылатындығын. Өңірдің дамуы – адамдардың жасампаздық ісі, ынтымақты тірлігіне байланысты екендігін айтып, сөз кезегін орыс, қазақ және славян бірлестіктері қауымдастығы Атырау филиалының төрағасы, Атырау политехникалық колледжінің директоры В.Яшковқа берді.


- Өңірдің білім саласының қызметкерлері аймақта әлеуметтік-мәдени бағытын жүріп жатқан жұмыстардың қай-қайсысын да құптайды, мақұлдайды. Басқасын айтпағанда 300 мұғалімнің баспаналы болуы – бұл үлкен жетістік. Ал көпірге келсек, бұл басқасын қайдам, студенттер қауымы үшін болмаған жақсылық десем жаңылғандық емес. Бұрындары ертеңгілік пен түс әлетіндегі автокөліктер кептелісінен студенттер сабақтарынан жарты, бір сағат кешігіп келуші еді, қазір ондай қиындықтар жойылды. Тіпті осы тұрған әкімдікке бұрын ең аз дегенде 30 минөт жүруші едік, қазір 4-5 минөтте жетеміз.


Тағы бір айтар нәрсе - өткен жылы біздің облыста студенттердің оқу ақысын төлеуге өзіңіздің көмегіңіз арқылы, жергілікті қазынадан 243 жасқа 18 млн. теңге қаражат бөлінсе, оның 23-і біздің колледждің оқушылары. Сондай көмек биылғы жылы да жалғасады деген ойдамын.
Атырау политехникалық колледжі облыстың техникалық саладағы зиялы қауымның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан бірден-бір оқу орны. Ол өткен 80 жыл ішінде 16 мамандық бойынша 40 мыңнан астам арнаулы орта білімді жас мамандар даярлап шығарды.
Ал бірлестік жұмысына келсем, ұлттық патриотизм, ұлы достық деген сөз біз үшін Ұлы Жеңіс мерекесіне тікелей қатысты сияқты. Ендеше оны мерекелеу, жеңісті халық арасында ұлықтау-әр ұрпақтың абыройлы борышы. Оны тек біздің бірлестік емес, облыстағы барлық этнобірлестік жетекшілері мен мүшелері жақсы түсінеді және сезінеді. Сондықтан да біз өзіміздің әр ісімізді туған Атырауымыздың дамуы, әр адамының бақуатты, бақытты өмір сүруіне арналып жатқанын жақсы сезінеміз» деді.


Әңгімеге тағы да облыс әкімі араласты. «Қаланы, өңірді абаттандыру елді мекенге газ тарту, таза су әкелу, жол төсеуге үкіметтен бөлінген ерекше көлемде ақша жоқ. Бірақ біз мүмкіндігін ойластырамыз. Соның арқасында әр жылда бұл бағыттағы қаражатты 20-25 пайызға өсіріп отырмыз» дегенді айтты.
- Мен қарапайым зейнеткермін,- деп бастады сөзін Атырау кәрістерінің «Тхоньил» этномәдени бірлестігінің төрайымы, білім саласы ардагері Мария Өтебаева. – Сондықтан көп уақытым бұқара халық, жұртшылық арасында өтеді. Сонда құлағымды салсам, бәрі де өңірімізде атқарылып жатқан үлкенді-кішілі істің қай-қайсысына да оң баға береді. Мәселен, мен қаланың тұрғын үй ауданында тұрғаныма 30 жыл болды. Бірақ бұрын облыс әкімінің көшемізді жаяу аралап, тұрғындармен сөйлесіп, оған қоса әр үйдің арасындағы асфальттың сапасын қадағалағанын көрген емеспін.


Болмаса, Атыраудың қанша жоғары білімді баласы шетелдік мұнай компанияларында жұмыс істеді, әрине, олардың өзі де тым аз, бірақ солар қанша еңбекақы алды? Мен бұрындарғыны айтып отырмын. Ал қазір не? Қомақты-ақ. «Себеп не?» деп сұрасам, «әкімшілік араласты, соның арқасында екі-үш есеге көбейтті» дейді. Қараңыздаршы, бұл жетістік емес пе? Сол үшін де сізге рахмет.
Қазақстан қарқынды даму үстінде. Бұл ісіміз келешекте тарихта қалады. Ендеше тарихи елдің тілін білу – бәріміздің де абыройлы борышымыз. Мен барлық отандастарым мен жерлестерімді осы өзіміз тұрған елдің тілін білу, дәстүрін үйренуге шақырар едім.
Қазір Атыраудың өзінде қазақ мектептерінде оқып жатқан өзге ұлттар балалары көп. Соларды БАҚ-да көрсету, айту керек, ол өзгелерге үлгі болады. Мен соны дұрыс деп ойлаймын. Бұл тек тірлік үшін емес, білік үшін де қажет нәрсе.


Сондай-ақ әкіммен өткенде кездесуде шешендердің «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы С.Ақаев, Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасының жетекшісі Қ.Ризуанов, украиндардың «Довіра» этномәдени бірлестігінің төрайымы О.Павленко, грузиндердің «Иверия» этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бобохидзелер сөйлеп, Атырау тек қазақтар өмір сүріп жатқан бір ұлттың Отаны емес, отыздың үстінде ұлт тұрып жатқан мамыражай мақтаулы өлке. Малы бар, балығы-байлық, мұнайы мен газы күллі Қазақстанның ырысы, ел бақыты, республика қуаты. Қуатты өсіру, өркендету, онда тұрып жатқан әр ұрпақтың борышы. Атырауды алыстан келіп ешкім де көркейтпейді. Өйткені ол сол жердің ұл-қызының кіші Отаны, үйі, бақытының бастауы. Сондықтан біз ұл-қызымызды бірлікке, ынтымаққа, туған жердің адал ұлы болуға, оны көркейтушы ретінде тәрбиелейік деген бағытта әңгіме өрбітті.


Бұдан әрі кездесудегі ой түйіндерін қорытқан облыс әкімі Б.Рысқалиев «Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауында ел бірлігі – ұлттар арасындағы достық пен ынтымаққа байланысты екендігін, ұлы ерлік пен елдік ұлттар достығы нәтижесінде келетіндігін айтып келеді. Сол саясатты жергілікті жерде жүзеге асыратындар мына отырған сіздер. Сіздер арқылы әр тұрғын ой түйеді, сана сарабынан өткізеді. Сондықтан әр істеріңіз жеміс, қадамдарыңыз өрісті болсын. Мен сіздерге соны ғана тілейміз» деді.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.
«Атырау» газеті 2010 жыл 4 наурыз №2

 
© 2010 Атырау облысының Қазақстан халықтар Ассамблеясы | КГП Центр Информационных Систем и Технологий при Аппарате Акима Атырауской области.